«...Алла тәубе етушілерді жақсы көреді әрі таза болушыларды да жақсы көреді» («Бақара» сүресі, 222-аят).
Адам баласы әуел бастан қателік жасауға бейім тұрады. Кейде, тіпті қай тұста шалыс қадам жасап қойғанымызды білмейміз де. Сондықтан, кейде ойламаған жерден күнәлі іске қадам басып қойсақ, кейде сол істің күнә екенін біліп тұрсақ та, сол қателікті жасаймыз. Үнемі қателесіп тұрамыз, күнә жасаймыз және артқа шегініп, өкінеміз.
Біз өзіміздің жасаған күнәмызға қалай қарап жүрміз? Жасаған күнәмызға өкінеміз бе, әлде ойланбастан сол күнәні жалғастыра береміз бе? Шынайы мұсылман ешқашан күнә мен қателіктерге жол бермейтіндігімен ерекшеленбейді, ол жасап қойған күнәсі үшін өкініп, кешірім тілеп, тәубе ететіндігімен ерекшеленеді. Шынайы иман Алла тыйым салған барлық істерден тыйылу, айналаңызға мейірімді болу, жақсылық жасау, күнәлі істердің Алладан алыстататынын түсініп, үнемі Аллаға ғана құлшылық етумен өлшенеді.
Адам баласы табиғатынан күнә жасауға биім жаратылған және ол күнә мен қателік жасағандығы үшін емес, керісінше сол күнәларды жасаған кездегі қырсықтығы себепті айыпқа лайық. Егер де адам күнә жасап қойса, бірден тәубе етіп, Алла Тағаладан кешірім сұрауы қажет. Имам Муслим Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Жанымның Иесі болған Алла Тағаламен ант етемін, егер де сендер күнә жасамағанда, Алла Тағала сендерді күнә жасайтын және Раббысынан жарылқау тілейтін басқа адамдармен алмастырып, есесіне олар Алланың жарылқауына бөленер еді», - деген.
Күнә істеген адам өкініп, дәрет алып намаз оқыса және күнәсының кешірілуі үшін истиғфар айтса, Алла Тағала ол күнәны әлбетте кешіреді. Өйткені Алла Тағала Құран аятында былай дейді: «Біреу бір жамандық істесе немесе өзіне зұлымдық қылса да, сонсоң Алладан жарылқану тілесе, Алланы аса жарылқаушы, ерекше мейірімді табар еді». («Ниса» сүресі, 110-аят). Шайтан адам баласын азғырып, тура жолдан тайдырып жатса да, құлы Жаратушысынан шынайы ықыласпен кешірім сұраса, Алла құлын кешіреді. Ол – асқан кешірім Иесі.
Алладан кешірім сұраудың ең жеңіл әрі қарапайым дұғасы – Истиғфар айту, яғни, «Астағфируллаһ!» деп айту. Мағынасы: «Аллаһ мені кешірсін!» Истиғфар – Алланың құлына деген үлкен мейірімі. Алла Тағала құлынан ешқашан бетбұрмайды, Оның кешірім есіктері үнемі ашық. Алла – Кешіруші, кешіргенді жақсы көреді. Сондықтан, тәубе етуді кейінге қалдырмай, дәл қазірден бастап Алланың кешіріміне ұмтылуымыз керек.
Алладан кешірім сұрау истиғфар айтып, күнә жасауды қайтадан жалғастыра беру деген сөз емес. Алладан жүрекпен (көңілмен) де, тілмен де шынайы кешірім сұрау, өкініп, тәубе ету және енді сол күнәні енді жасамауға ниет ету – шынайы тәубе ету болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Истиғфар (әстағфируллаһ) айтуды әдет еткен, көп оқитын адамды Аллаһ Тағала дерттерден, қиыншылықтардан құтқарады. Оны ойламаған жерден ризықтарға қауыштырады» (Бәйһақи), - дейді. Және де: «Күнә көңілде із қалдырады, тәубе және истиғфар еткенде ол дақ жойылады, көңіл тазарады» (Тирмизи), - деп те айтып кеткен.
Кешірім туралы Құран аяттарында да:
«...Алладан жарылқау тілеңдер. Шын мәнінде Алла, тым жарылқаушы, ерекше мейірімді» («Музәммил» сүресі, 20-аят).
«Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Сонан соң Оған тәубе етіңдер. Ол сендерді белгілі бір мерзімге дейін көркем түрде пайдаландырады да, әрбір мәрхамет иесіне артық сыйлық береді. Егер жалтайсаңдар, расында сендер туралы ұлы күннің азабынан қорқамын» («Һуд» сүресі, 3-аят).
«...Сондықтан сол бағытқа жөнеліңдер әрі Одан жарылқау тілеңдер. Аллаға серік қосқандарға нендей өкініш» де» («Фуссиләт» сүресі, 6-аят), - деп баяндалады.
Алланың мейірімінің шегі жоқ. Әр адам күнәсі үшін теубе етіп, кешірім сұрағаны үшін төмендегі үлкен нығметтерге бөленеді:
• Алланың кешіріміне ие болады
• Дүниелік істерде таршылық көрмейді
• Қанағатшыл, сабырлы болады
• Күнә істерді жасаудан өзін тыяды
• Аллаға жақындай түседі
• Дұғаларының қабыл болуына себеп болады
• Рухани тазарады
• Жүрегі жұмсарып, мейірімді болады.
Истиғфардың пайдасы туралы имам Ахмад ибн Ханбалдың басынан өткен мына оқиғаны тілге тиек ете кетсек.
Имам Ахмад ибн Ханбал бір қаладан екінші бір қалаға сапарға шығады. Қалаға келген соң, мешітте құптан намазын оқып болып, мешіттің бір бұрышында жатса, мешіт күзетшісі жүгіріп келіп мешітте ұйықтауға болмайды дейді. Мен ұзақтан келдім, мешітте түнеп шығайын десе де, күзетші рұқсат етпей имам Ахмадты мешіттен шығарып жібереді. Имам Ахмад мешіттен шығады да, мешіттің сыртқы есігіне сүйеніп, мешіттің табалдырығында отырады. Мешіт күзетшісі тағы да жүгіріп келіп, мешіттің табалдырығында отыруға болмайды, бұл жерден кет деп тағы да қуып жібереді. Мен мешіттің ішінде отырған жоқпын ғой, сыртында отырмын ғой, сонда да мені қуасың ба дейді. Ол заманда адамдар ғалымдардың атын білгенімен, көрмегеннен кейін түрлерін танымайтын еді. Әлгі қарауыл дөрекілік танытып, имам Ахмадтың екі аяғынан ұстап, жолдың ортасына дейін сүйреп апарып тастайды.
Сол кезде мешітке қарама-қарсы жолдың арғы бетінде бір наубайханашы өзінің тірлігін істеп жүр еді. Оқиғаның мән-жайып көріп тұрған наубайханашы имам Ахмадқа барып, жататын орның болмаса менің наубайханама кел, мұнда жататын бір кісілік орын бар дейді. Имам Ахмад наубайханаға кіріп, жайғасады. Әлгі наубайханашының тірлігіне қарап отырып, оның қамыр илеп жатқанда, қамырды көмбеге жауып жатқанда, отын дайындағанда, тіпті әр істе «Астағфируллаһ» деп үнемі айтып жүретінін байқайды. Имам Ахмад оған қарап, тамсанып, бұлай зікір етуді қашаннан бастадың, қиын емес пе деп сұрайды. Сонда наубайханашы: осылай зікір етуді бастағаныма біраз жыл болып қалды, маған қиын емес, үйрендім дейді. Имам Ахмад сұрағын тағы жалғастырып, осы айтып жүрген зікіріңнің берекесін сезінесің бе деп сұрайды. Иә, сезінемін, әрдайыи истиғфарды айтқан сайын әр ісіме береке кіреді, Алладан не сұрасам, Алла маған соның бәрін береді дейді наубайханашы. Барлық дұғаларыңды қабыл етіп, сұрағаныңның барлығын береді ме деп сұрайды тағы да имам Ахмад. Сонда наубайханашы былай деп жауап береді: осы уақытқа дейін барлық сұрағанымды беріп, дұғаларымды қабыл етіп жатыр, бірақ бір ғана дұғам қабыл болмай келеді дейді. Имам Ахмад: ол қандай дұға? - деп сұрағанда, наубайханашы: Имам Ахмад ибн Ханбал деген ғалым кісіні бір көрсем ғой деп дұға қыламын, бірақ бұл дұғам қабыл болмай жатыр дейді. Сонда имам Ахмад ағыл-тегіл жылап, міне сен дұға еттің, үнемі истиғфар айтасың, Алла сенің бұл дұғаңды да қабыл етті. Сен көргің келген сол имам Ахмад ибн Ханбалды Алла Тағала сенің наубайханаңа екі аяғынан сүйреп тұрып алып келді, мені мешіттен қуып, екі аяғымнан сүйреп көшеге шығарып тастаған мешіт күзетшісі емес, Алла Тағала екен ғой. Сол имам Ахмад менмін деген екен.
«Енді, Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкірлік етіңдер де қарсы болмаңдар» («Бақара» сүресі, 152-аят).