АЛЛА СІЗДІ СЫНАСА...
АЛЛА СІЗДІ СЫНАСА...
Адамдардың көбісі басына қиындық, сынақ түссе Алланың сол адамды жақсы көрмегендігінің көрінісі ретінде қабылдайды. Бұл Алланың адамға берген барлық игіліктері мен пайдасын толық түсінуге кедергі болады.  Алла Тағала Өзінің құлдарына деген шексіз мейірімі мен жанашырлығы, аяушылығы туралы қасиетті Құранның көптеген аяттарында баяндайды. 

 «Негізінен Алла сендерге жеңілдікті қалайды» («Ниса» сүресі, 28-аят).

«...Расында Алла сендерге ерекше мейірімді» («Ниса» сүресі, 29-аят).

«Күдіксіз Алла, адам баласына өте жұмсақ ерекше мейірімді» («Бақара» сүресі, 143-аят).

«Олар, тозаққа шақырады да, Алла өз ұйғаруымен жәннатқа шақырады. Сондай-ақ, адамдар үгіт алсын деп, аяттарын баян етеді» («Бақара» сүресі, 221-аят).

«Күдіксіз Алла, адам баласына, әлбетте өте есіргеуші, аса мейірімді» («Хаж» сүресі, 65-аят).

Хазіреті  Омар былай дейді: «Бірде Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) құзырына хауазин тайпасынан қолға түскен тұтқындар әкелінді. Тұтқындар арасында емізулі бір әйел бар еді. Ол әйел баласын жоғалтып алған екен. Әйел омырауына толған сүтін тұтқындар арасындағы емізулі балаларға беріп жатады. Кенет әйел тұтқындар арасынан өз баласын тауып алғанда, баласын бауырына қысып, құшақтап, аймалап, емізе бастайды. Әйелдің  баласына деген махаббатын көрген Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бізге: «Анау әйел баласын отқа тастайды деп ойлайсыңдар ма?» - деп сұрады. Біз:  «Жоқ, оңайлықпен баласын отқа тастамайды», - деп жауап бергенімізде Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала да құлдарына мына әйелдің баласына деген махаббат пен мейірімінен де артық мейірімді әрі жұмсақ», - деп жауап қатты» (Муслим, Бухари).

Тағы бір хадисте Пай­ғам­ба­ры­мыз (с.а.у.) бы­лай дейді: «Ба­ла­лар­ға же­ті жасқа кел­ген­де на­маз оқы­тың­дар, он жа­сы­на кел­ген­де (на­маз оқы­ма­са жай) ұрың­дар жә­не сол жас­та тө­се­гін бө­лек са­лып бе­рің­дер» (Әбу Дәуд). Егер ата-ана өзінің баласы үшін игі ниетте болып, жақсылық тілесе және осы үшін баласына ескерту жасап отырса және бұл балаға ауырлық болып жатса, бұл ата-ананың баласын жек көргендігінен емес. Керісінше, баласын жақсы көріп, оның болашақта шалыс қадам баспауы  үшін жасалған ниетінен деп түсінеміз. 

Кейде, адам баласының өз қателіктерін түзеуге, ойланып, тәубесіне келуі үшін, анағұрлым сезінерліктей, нәтижелі шаралар қолдануға тура келеді. Алла Тағала Құранның «Зухруф» сүресінің 48-аятында: «...Бәлкім райдан қайтар деп азапқа ұшыраттық», - дейді. Көбінесе, сол қиындықтар мен ауыртпалықтар өмірдің мәнін түсіну, барды бағалап, шүкір ету үшін жіберіледі. Жан дүниеңізді, өміріңізді телегей теңіздей үлкен өзгеріске алып келетін де осы сынақтар. Осылайша Алла  біздерге үлкен және кіші сынақтар жібере отырып түрлі күнәлардан және оның қатерлі зардаптарынан сақтайды. Алланың мейірімі осы емес пе?! Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқандай: «Алла кімге жақсылық қаласа, оған сынақтар (қиындықтар) жібереді» (Бухари).  

Ислам ғұламаларының бірі былай дейді: «Бір күні көшеде кетіп бар жатып  мынадай оқиғаның куәгері болдым. Көше бойындағы бір үйдің есігі тарс ашылды да, үйдің ішінен кішкентай бала айқайлап жылап, қашып шықты. Баланың артынан анасы айқайлап, ұрысты да есікті тарс жауып, үйіне кіріп кетті. Көздері жасқа толы бала үйінің ауласында біраз жылап отырды да, ойға шомып кетті. Өзін жаңа ғана қуып шыққан үйінен басқа паналайтын үйдің жоқ екендігіне, қанша ұрысса да, дәл өз анасындай жанашыр, мейірбан адамның табылмайтындығына көзі жетіп, аяғын алшақ басып, басы төмен салбыраған күйі үйінің есігін ашпақ болғанда есіктің іштен құлыптаулы екенін көрді.  Мұңайып отырды да, басын үйдің табалдырығына қойған күйі ұйықтап кетті. Кішкене уақыт өткеннен кейін үйден анасы шығып, баласының жағдайын көріп, шыдап тұра алмастан бетінен сүйіп, жылап жіберді де: «Құлыным-ау! Қайда кетпекші болдың? Сені менен басқа кім еркелетіп, құшағына алар еді? Айтқан сөздеріме құлақ асып, маған сөз қайтарма демеп пе едім? Мені тыңдамағаның үшін саған жаза қолдануыма тура келді. Саған тек  жақсылықты қалайтынымды білсең ғой..», - деді де, баласын көтеріп, үйіне кіріп кетті. Енді анасының айтқан сөзі туралы ойланыңызшы:  «Мені тыңдамағаның үшін саған жаза қолдануыма тура келді. Саған тек  жақсылықты қалайтынымды білсең ғой..». Ал енді, Алла Елшісінің (с.а.у.): «Алла Тағала  құлдарына ананың баласына деген махаббаты пен мейірімінен де артық мейірімді әрі жұмсақ» - деген сөзі туралы ойланыңыз. Бүкіл әлемнің иесі болған Алла Тағаланың адам баласына деген  шексіз  мейірімі мен рақымының жанында ананың балаға деген махаббаты мен мейірімі не тұрады..?»

Алланың Өз құлдарына деген мейірімі мен рақымы шексіз әрі сан түрлі. Және ол мейірім мен рақым тек біздерге берілген жақсылықтар, игіліктер, ризықтар мен нәсібімізбен ғана өлшеніп қоймайды. Құлдарына жіберілген сынақтар мен қиындықтарда да Жаратушымыздың біздерге деген шексіз махаббаты мен мейірімі жатыр. Әйтпесе: «Алла Тағала бір құлына жақсылық қаласа, күнәларының жазасын осы дүниеде береді. Жамандық қаласа, күнәларының жазасын қияметке қалдырады», -деген(әт-Тирмизи, Ибн Маджа) сөзін Алла Елшісі (с.а.у.) айтпас еді.  Және Алла Тағала Құранда: «Біз сендерді аздаған қауіп-қатермен, аштықпен және мал-мүліктеріңнен, (жақын) жандарыңнан, өнімдеріңнен айыру арқылы сынаймыз. Сабыр етушілерді сүйіншіле, солар бір қайғы жеткенде: «Ақиқатында, біз Алланыкіміз әрі әлбетте, біз Оған қайтушымыз» дейді. Міне, соларға олардың Раббысынан игілік пен мейірім бар. Әрі олар – тура жолмен жүрушілер» («Бақара» сүресі, 155-157-аяттар), - деп ашық әрі анық айтқан.

Ағып жатқан өзенді елестетіңізші, таусылып бітер жерін көресіз бе? Басыңызға түскен қиыншылықтың да сауабы мен жақсылығы да соншалықты шексіз болады. Әрине, Алланың қалауымен.

Лаура Қанатқызы
Лаура АлмахановаЛаура Алмаханова
7 ай бұрын 752
0 пікір
Блог туралы